Өмірінің алғашқы күндерінде салынатын БЦЖ вакцинасы жаңа туған нәрестені туберкулездің ауыр түрлерінен қорғаудың ең сенімді жолы болып қала береді. Алматы қаласындағы №1 перзентхананың дәрігер-эпидемиологы Мадина Санатқызы Туашева екпені кейінге қалдыру неліктен қауіпті екенін және оның қандай тәуекелдерге әкелуі мүмкін екенін түсіндірді.
Туберкулез әлі де эпидемиологиялық тұрғыдан өзекті дерттердің бірі. Жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші азайып келе жатқанына қарамастан, нәресте перзентханадан шыққан сәттен бастап-ақ туберкулез микобактериясымен байланысу қаупіне тап болуы мүмкін. Бұл қоғамдық орындарда, көлікте, туыстармен немесе басқа да ересектермен қарым-қатынас кезінде орын алуы ықтимал. Сондықтан ерте жүргізілген иммундау — жай ғана формалды шара емес, стратегиялық маңызы бар алдын алу тәсілі.
Қолданыстағы ұлттық хаттамалар мен халықаралық ұсынымдарға сәйкес, қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда БЦЖ вакцинасы нәрестеге өмірінің 2–4 тәулігінде салынады. Көпжылдық бақылаулар ерте вакцинация туберкулездің ең ауыр әрі өмірге қауіпті түрлерінен — туберкулезді менингиттен және аурудың жайылған түрлерінен қорғауға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.
Бұл жерде қауіпсіздікті сақтау өте маңызды. Яғни, нәресте әлі туберкулез микобактериясымен байланысып үлгермеген кезеңде екпе салынуы керек. Егер вакцинация кешіктірілсе, жұқтыру қаупі арта түседі. Ал бала екі айлық жасқа толғаннан кейін БЦЖ салмас бұрын алдымен туберкулиндік диагностика (Манту сынамасы) жүргізіледі. Бұл баланы қорғау үдерісін күрделендіріп, уақытын ұзартады.
Алматы қаласындағы №1 перзентхананың дәрігер-эпидемиологы Мадина Санатқызы Туашеваның айтуынша, статистика ерте иммундаудың тиімді екенін дәлелдейді:
«Маман ретінде мен күн сайын эпидемиологиялық жағдайды талдаймын. Жаңа туған нәрестелер туберкулез инфекциясына өте осал келеді. Перзентханада жасалатын БЦЖ вакцинасы — екпе күнтізбесіндегі жай ғана белгі емес, аурудың өмірге қауіп төндіретін ауыр түрлерінің алдын алудың нақты жолы. Екпені кейінге қалдырған ата-ана баласын инфекциямен байланысу қаупі бар кезеңде қорғаныссыз қалдырады. Ал уақтылы жасалған иммундау — сәбидің денсаулығы үшін қабылданған жауапты шешім».
Қазақстанда жоғары деңгейде тазартылған, қауіпсіздігі дәлелденген жапондық өндірістегі вакцина қолданылады. Нәрестелік кезеңде қалыптасқан арнайы иммунитет қоздырғышпен байланыс болған жағдайда аурудың ауыр өту ықтималдығын едәуір төмендетеді.
