
Биыл Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Олимпиада күніне орай «Олимпиада күні дүниеге келген сәби» акциясын алтыншы рет өткізді. Игі бастама ЮНИСЕФ қолдауымен жүзеге асырылуда.
23 маусымда дүниеге келген әрбір нәрестеге арнайы сыйлықтар — құттықтау хаттары мен «Olympian is born» жазуы бар жаңа туған сәбилерге арналған естелік киім жиынтықтары табысталды.
– Біз үшін бұл мерекені ең басты құндылығымыз – өсіп келе жатқан жас ұрпаққа деген қамқорлықпен толықтыру маңызды. Осы айтулы күні жас отбасыларға жылу мен ықылас сыйлағымыз келеді. Бұл алғашқы символдық сыйлықтар әрбір баланың жарқын әрі табысты өмір жолының бастауы болсын. Барша сәбиге зор денсаулық пен толағай жетістіктер тілейміз, – деп атап өтті Қазақстан ҰОК өкілдері.
23 маусым күні Алматы қаласындағы №1 перзентханада 11 сәби дүниеге келді.




