Алматы әкімдігінде №1 қалалық перзентхана ғимаратының не себепті сүрілгені түсіндірілді - ШЖҚ "№1 ҚАЛАЛЫҚ ПЕРЗЕНТХАНА" КМК
Алматы әкімдігінде №1 қалалық перзентхана ғимаратының не себепті сүрілгені түсіндірілді

Алматыда №1 қалалық перзентхананың жаңа ғимаратының құрылысы басталды. 1938 жылы салынған бұрынғы ғимарат толықтай сүрілді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, ғимаратқа жүргізілген техникалық тексеру нәтижесінде тірек құрылымдары мен инженерлік желілерінің 100 пайыз тозғаны анықталған. Өрт қауіпсіздігі, желдету, гидрооқшаулау жүйелері қазіргі заман талаптарына сай келмеген, сондай-ақ науқастарды тасымалдауға арналған жедел саты болмаған.

Жер телімі тектоникалық жарылым аймағында орналасқанына қарамастан, ғимаратта бірде-бір рет сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілмеген. Ғимараттың сейсмикалық нормалар талаптарына сәйкес келмейтіні жөнінде ҚазҚСҒЗИ-дің тиісті қорытындысы бар.

Құрылымдық тозудан бөлек, нысан медициналық көмек көрсету стандарттарына да сай болмаған. Атап айтқанда, қабылдау бөлімінде шұғыл ота жасайтын зал болмаған, пациенттерді triage (сұрыптау) жүйесімен қабылдауға жағдай жасалмаған, операциялық блок пен реанимацияда инфекциялық бақылауға арналған арнайы үй-жайлар қарастырылмаған.

Ғимараттың іргетасын күшейту мүмкін болмағандықтан, ал күрделі жөндеу мен оны ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылғандықтан, 1938 жылғы ғимаратты сүріп, оның орнына жаңасын салу туралы шешім қабылданды.

Алматы әкімдігінде №1 қалалық перзентхана ғимаратының не себепті сүрілгені түсіндірілді